Үкімeт бaсшысы Aсқaр Мaмин құрылыс қaрқыны eң жoғaры және ең төмен өңірлерді атады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы ол «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру тақырыбында өткен Үкімет отырысында айтты.
Асқар Мамин биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 300 мың отбасының жалдамалы пәтерге ие болғанын айтты.
«Бағдарлама жүзеге асқан 2017 жылдан бастап 2019 жылдың 10 айында 33, 5 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл 300 мыңдай отбасыны үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Тұрғын үй құрылысы саласына 3,3 триллион теңгеден аса инвестиция салынды. Осылайша, бағдарламада алғаш рет көпбалалы отбасылар мен жұмыс істейтін жастарға арнап жалдамалы тұрғын үй салу, табысы төмен отбасыларға жеңілдіктер беру сияқты жаңа механизмдер іске асырылды», — деді үкімет басшысы.
Маминнің айтуынша, бүгін пәтерлер ең көп жалға берілген өңірлердің тізімінде Қызылорда көш бастап тұр.
«Бүгін құрылыс қарқыны бойынша алдағы қатардағы өңірлерді атап өттік. Олар — Қызылорда, Ақтөбе және Түркістан облыстары. Ал ең төмен көрсеткіштер, яғни бөлінген қаражат уақтылы игерілмеген өңірлердің тізімінде Павлодар, Маңғыстау облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы бар. Нұр-Сұлтанда өткен жылмен салыстырғанда пайдалануға берілген пәтерлердің саны 35 пайызға төмен», — деді Асқар Мамин.
«Жалақы 101 мыңнан кем болмауы тиіс». Бес жылға жалға берілетін пәтерді қалай алу керек?
Осыған байланысты үкімет басшысы әкімдерге биылға жоспарланған көрсеткіштерді орындау қажетін және жылдың соңына дейін 13 миллион шаршы метр тұрғын үйдің пайдалануға берілуі керегін ескертті.