19 мaусымдa Мeмлeкeт бaсшысы Нұрсұлтaн Нaзaрбaeв Қaзaқстaндa Түркістaн oблысы пaйдa бoлaтыны жaйлы зaңғa қoл қoйғaн. Мәжіліс дeпутaттaрының aйтуыншa, Президенттің Түркістан облысын құрып, Шымкентті республикалық маңызы бар қала ретінде бекіту туралы шешімі тарихи оқиға болып саналады. Сондықтан олар бұл шешімді қолдап отыр.
Осы орайда пікір білдірген депутат Азат Перуашевтің айтуынша, алдағы уақытта Түркістанда баспана бағасы өзгеруі мүмкін.
Осыған байланысты Tengrinews.kz тілшісі қазіргі уақытта Түркістандағы баспаналардың бағасы қандай екенін біліп, мамандардан пәтер бағасының өсу ықтималдығы турасында пікірлесті.
Таяуда жарияланған хабарламаларға қарағанда, Түркістандағы пәтерлердің бағасы 3 миллион теңгеден басталып, 10 миллион теңгеге дейін барады. Яғни, 3 миллион теңгеге бір бөлмелі пәтер, 4-5 миллион теңгеге екі бөлмелі пәтер, ал 7 миллион теңгеден жоғары бағаға 3-4 бөлмелі пәтер сатып алуға болады.
Сондай-ақ, сатылып жатқан пәтерлердің басым бөлігі «Самал» ықшамауданында орналасқанын байқаймыз.
Мысалы, аумағы 50 шаршы метр болатын, пластикалық терезелері бар және барлық жиһазбен жабдықталған пәтер 4 миллион теңгеге сатылып жатыр екен. Пәтер иесінің айтуынша, үй 1990 жылы кірпіштен салынған.
© krisha.kz
Ал мына үш бөлмелі пәтердің бағасы 7 миллион теңге екен. Хабарламадағы мәліметке қарағанда, пәтер 4-қабатта орналасқан.
© krisha.kz
Сондай-ақ, еурожөндеуден өткен пәтерлерді де табуға болады. Олардың бағасы 7-8 миллион теңге, ал аумағы 120 шаршы метрге дейін барады.
Ал енді осы бағалар сол күйінде қала ма, әлде қымбаттай ма деген сұрақты экономист Арман Байғановқа қойып көрдік.
Арман Байғановтың айтуынша, мұндай жағалық жылжымайтын мүлік нарығына бірден әсер етеді. Сол себепті баспана бағасы кем дегенде екі есеге дейін өсуі мүмкін екен.
«Түркістан облысында баспананың қымбаттауына бірден-бір себеп жылжымайтын мүлік нарығының осындай жаңалыққа бірден реакция беруі себеп болуы мүмкін. Қазір Түркістан халқының саны шамамен 200 мың адам делік, ал енді мемлекеттік қызметкерлердің барлығы онда жаппай көшкен кезде адам саны, оларды отбасы мүшелерімен қоса санағанда, 30 мың адамға көбейетені сөзсіз. Сондықтан, әрине, онда баспанаға деген сұраныс артады. Осы орайда баспана бағасы кем дегенде екі есеге дейін өсуі мүмкін», — дейді экономист.
Дегенмен, сарапшы бағаны сол қалпында сақтап қалуға да болатынын айтады.
«Бағаны шамадан тыс өсірмей, сол қалпында сақтап қалу үшін мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үйлерді салу керек. Ол үшін моноқалаларға мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй құрылысына көбірек қаржы бөлу керек. Себебі компаниялар онда жылжымайтын мүлік бағасының арзан болуына байланысты құрылыс жүргізуді аса қаламайды», — дейді Арман Байғанов.
Сондай-ақ, сарапшы Түркістан сияқты қалалар негізгі логистикалық орталықтардан алыс орналасқандықтан, онда құрылыс материалдарын жеткізу мен білікті жұмыс күшін тарту, жалпы, үй салудың қымбатқа түсетінін айтады.
Сол себепті, маманның айтуынша, тұрғын үй бағасын арзандату мақсатында және құрылыс компанияларын көбірек жұмылдыру мақсатында мемлекет тарапынан үлкен қолдау қажет.
Ал жылжымайтын мүлік жөніндегі маман Шыңғыс Әділханұлының айтуынша, бірінше кезекте пәтерден бұрын жер қымбаттауы мүмкін. Мысалы, қазір 20 сотық жерді 15 миллион теңгеге алуға болады екен. Бірақ таяуда ол баға екі есеге дейін өсуі мүмкін.
«Ең біріншіден, жер қымбаттауы мүмкін. Тіпті екі есеге дейін қымбаттайды деген болжам бар. Себебі онда ескі үйлер көп. Ал көшіп келетін халық жаңа үйлер салуға кіріседі. Яғни, инвестициялар болады. Мұнымен қоса, пәтерді жалға алу мен жалға беру де қымбаттайды. Облыс орталығы болып отырғандықтан, ондағы жылжымайтын мүлікке деген сұраныс жоғары болады», — дейді Шыңғыс Әділханұлы.
Сондай-ақ, маманның айтуынша, Түркістан облысындағы жаңа салынған үйлердің бағасы көп дегенде 20 пайызға дейін ғана қымбаттайды.