Стaтистикaлық мәлімeттeргe сүйeнсeк, Қaзaқстaндa жeкe тұлғaлaрғa бeрілeтін тұтынушылық крeдиттeрдің мөлшeрі 3,3 триллиoн тeңгeгe жеткен. Осылайша, бір жылда тұтынушылық мақсатта алынған несиелердің саны 20,3 пайызға артып отыр. Ол кредиттердің көбі кепілсіз алынған екен. Бұл туралы Бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.
Маман соңғы уақытта рәсімделіп жатқан несиелердің көбі тұтынушылық мақсатта алынатынын айтады.
«Тұтынушылық кредиттерге деген сұраныс күннен-күнге артып жатыр. Тұтынушылық кредиттер деп адамның тұтыну мақсатында, яғни пәтер, көлік, түрлі техника бұйымдарын, тіпті жолдамалар алуға алатын қарызын айтамыз. Қазіргі уақытта көбі кепілсіз тұтынушылық кредиттерді алуды жөн көретінін айта кету керек. Жалпы еліміздегі несие портфелінің жартысынан көбі осы тұтынушылық кредиттер», — дейді Нұрғалиева.
Оның айтуынша, бұл қазақстандықтардың өмір сүру жағдайын жақсартқысы келуімен байланысты болып отыр.
«Cоңғы жылдары Қазақстанда несие алу белсенділігі артып жатқаны белгілі. Оған сұраныстың жоғарылауы себеп. Яғни қазақстандықтар өмір сүру жағдайын жақсартқысы келеді. Сол мақсатта жылжымайтын мүлік, көлік алады. Онымен қоса, техника бұйымдарын қарызға алып жатады. Сатып алу қабілеті артқан сайын, әрине, қарыз мөлшері де көбейді. Бұл нақты тұтынушылық несиелерде байқалып отыр. Себебі бұл сегментте клиенттер үшін барлық жағдай жасалған, шарттары да ұтымды көрінеді. Асықпай бөліп төлеуге болады, арнайы бағдарламалары бар. Дегенмен бұл ретте нормаларды сақтау қажет. Дәл қазіргі таңда қандай да бір несие алатын адамның кредиттер бойынша жалпы төлемі ресми түрде алып отырған табысының 50 пайызынан аспауы тиіс. Мұның барлығы халықтың несиеге белшесінен батпауы үшін жасалып отыр», — дейді Бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры.
Нұрғалиеваның айтуынша, соңғы зерттеу бойынша әрбір қазақстандыққа 1,77 несие тиеді, яғни әрбір қазақстандықтың кем дегенде екіге жуық кредиті бар.
«Қосымша жүргізілген зерттеу бойынша қазақстандық борышкерлердің 80 пайызының қарызы 300 мың теңгеден аспайды. Бұл жақсы көрсеткіш. Яғни ол қарыз алушының несиені ешбір қиындықсыз, оңай төлеп отыруына мүмкіндік береді», — дейді маман.
Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, тұтынушылық кредиттердің кемшіліктері де жоқ емес.
Кемшіліктеріне тоқталатын болсақ:
— пайыз мөлшерлемесі өте жоғары. Артық төленетін сома өте көп;
— несиелеу мерзімі қысқа, кей жағдайларда ғана 1 жылдан аса уақытқа беріледі;
— қарызға алатын соманың мөлшері көп болса 1,5 миллион теңге.
Ал артықшылықтары:
— несиені тез уақытта рәсімдеуге болады — 1 күннен бастап 3-5 күнге дейін
— алынған қаражатты өз қалауыңыз бойынша жұмсауға болады (келісімшартта нақты қандай мақсатта алынғаны көрсетілмесе);
— қарыз алушыға көп талап қойылмайды. Кейбір жағдайларда несие тарихы тексерілмей, тіпті табысы жайлы анықтамалар қажет болмайды.
Оқи отырыңыз:
Кредитті қалай жабамыз — Мамандардан кеңес
Жұмысқа орналасу кезінде несие тарихын тексеру не үшін қажет
Қандай жағдайларда банктер кредитті төмен мөлшерлемемен беруі мүмкін